Қола дәуірі
From Wikipedia, the free encyclopedia
From Wikipedia, the free encyclopedia
Қола дәуірі – адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени кезең. Ол қола металлургиясының кең қанат жайып, еңбек құралдары мен қару-жарақ жасауға арналған негізгі материалға айналуымен сипатталады. Бұл кезде неолит дәуірінің мәдениеті дамып, металл игеріле бастады. Негізінен, қола дәуірі мәдениеттері осы металл кендері көп жерлерде дамыды. Мұндай өңірлерде дайындалған қола бұйымдар бірте-бірте іргелес жатқан жерлерге де тарады. Адам баласы мысты энеолит дәуірінде игерген болатын. Оған қарағанда, қоланың қатты әрі берік болуы құрал-саймандардың сапасын арттырып, еңбек өнімділігін жоғарылата түсті. Қола дәуірінің хронологиялық шегі б.з.б. 4-мыңжылдықтың аяғы мен б.з.б. 1-мыңжылдықтың басын қамтиды. Ежелгі қола құралдары Оңтүстік Иран, Түркия мен Месопотамиядан табылды. Кейінірек олар Мысырға (б.з.б. 4-мыңжылдық аяғы), Үндістанға (б.з.б. 3-мыңжылдық соңы), Қытайға (б.з.б. 2-мыңжылдық ортасы) және Еуропаға, Қазақстанға (б.з.б. 2-мыңжылдық) тарады. Қола дәуірінің Америкада өз тарихы бар. Мұнда металлургия орталығы Перу мен Боливия жерінде болды. Африкадағы қола дәуірі туралы мәселе археологиялық зерттеулердің жеткіліксіздігіне байланысты әлі толық шешілмей келеді.
Дәуірдің ерекшеліктері. Неолит дәуірінде-ақ байқала бастаған шаруашылық өзгерістері б. з. б. II мыңжылдықта [1] малшылық-егіншілік экономикасы мен жоғары дамыған металлургияның калыптасуына жеткізді. Өндіруші тұрпаттағы экономикаға көшу Қазақстан аумағындағы бүкіл жағдайды түбірінен өзгертті. Қоныстарың жиі өзгертетін, жігерлі, пысық малшы тайпалар ұлан-байтақ және қуатты бірлестіктер кұрды; бүлардың калыптасуында соғыс кақтығыстары едәуір рөл атқарды. Қару енді жабайы хайуандарды аулау үшін ғана емес, сонымен қатар тайпалар арасындағы қақтығыстарда да жиі пайдаланылатын болды. Қару жасау бірте-бірте металл өндеудің дербес саласына айналды.
Археологиялык материалдар бойынша, Андронов тұрпатты ескерткіштер калдырған далалық малшы-егінші тайпалардың мәдени ортақтығы жақсы мәлім. Барлық жергілікті өзгешеліктеріне қарамастан, ұлан-байтақ аумаққа тараған бұл тайпалар неолит дәуіріндегі тайпалық ала-құлалықты айқын мәдени біркелкілік ауыстырғанын көрсетті.
Қола дәуіріндегі коғамның ілгері басуы екі факторга байланысты. Олардың бірі — жаңа дәуірді белгілеген фактор - палеометалдардың өндірістік жолмен игерілуі болды. Б. з. б. II мыңжылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола бұйымдар жасау ісін меңгерді. Қоланың өзі бұйымның неге арналуына қарай, әр түрлі пропорцияда мыс пен қалайының, кейде сүрменің, құшаланың, қорғасынның қорытпасы болып табылады. Мыспен салыстырғанда қоланың бірсыпыра артықшылықтары бар: оның өзгешелігі — өзі катты, балқу температурасы төмен, түсі алтын сияқты әдемі. Қола еңбек құралдары мен қару жасау үшін колданылатын негізгі шикізат бола бастады. Қазақстан жер қойнауында полиметалдардың, ең алдымен қалайы-мыс рудаларының барынша молдығы бұл аумақта металлургияның мықты ошағы шығуының бір себебі болды.
Б. з. б. II мыңжылдықтың басында-ақ Еділ бойы, Орал өңірінің, Қазақстан мен Алтайдың далалық тайпаларында кешенді малшылық-егіншілік шаруашылық қалыптасады. Ал б. з. б. II мыңжылдыктың ортасында Қазақстанның далалық тайпаларында алғашқы өндірістің өрлеуі байқалды, мал шаруашылығы жедел дамыды. Осы уақыттан бастап далалық Еуразия тұрғындарының шаруашылығында мал шаруашылығы неғұрлым көбірек орын ала бастайды. Б. з. б. II мыңжылдыктың аяғында — I мыңжылдықтың басында далалық өңірлердегі тұрғындардың көпшілігі шаруашылықтың маманданған жаңа түріне — көшпелі мал шаруашылығына көшеді. Батыс Азия мен Шығыс Еуропаның далалық аймағында бақташы тайпаларының бөлініп шығуы, шынында, б. з. б. II мыңжылдықтың басында болды деуге келеді, алайда әр-қилы табиғи ортадағы даму қарқынының әр түрлі болғанын ескеру керек.
Алғашқы экономиканың қайта құрылуына бәрінен бұрын табиғи-климаттық өзгерістер себепші болды. Мәселен, қола дәуірінде ұзаққа созылған салқын-ылғал кезеңнің орнына климаттың жылылық пен қуаңшылыққа қарай бірте-бірте өзгеруінің мың жылдан асатын дәуірі келді, сөйтіп ксеротермиялык минимум дәуірі басталды. Қуаңшылық дәуірінде өзендердің суы тартылды, жайылмадағы алаңқайлар бірте-бірте құрғады, көлдердің су деңгейі төмендеді, түптеп келгенде, солтүстік жарты шардағы кұрлықтардың жалпы ылғалдылығы азайды. Климаттың жедел құрғауына байланысты Шығыс Еуропа мен Батыс Азиядағы далалық тайпалардың шаруашылығы мен тұрмысында болған өзгерістерді археологиялык деректемелер де растайды. Батыс және Орталык Қазақстанның ұзақ уақытқа арналған коныстарында сумен жабдықтаудың жаңа әдісі — құдық қазу шығады.
Егер Қазақстанның солтүстік аудандарының тұртындары мен Батыс Сібірдің орман және тайгалы аймақтарының тайпалары энеолит пен алдыңты қола дәуірінде шаруашылық және мәдениет жағынан бір-біріне көп ұқсас болса, кейін климат өзгергенде бұл ұқсастық жойылады. Б. з. б. II мыңжылдыктың ортасында, Орталық Қазақстандағы сияқты, бұл аудандарда да малшылық-егіншілік шаруашылық өрістеп, мал шаруашылығы басым дамиды. Оңтүстік Сібірде Нарым өлкесінің тайгалы-батпақты аудандарына дейін бұл аймақтың тұртындарына тән емес ежелгі мал шаруашылығының шаруашылық дәстүрлерінің кең таралуын және Қазакстанның далалық тайпалары мәдениеті ықпалының күшеюін, сірә, нақ сол табиғи-климаттық кұбылыстармен түсіндіруге болар.
Тұрғындардың қоғамдық құрылысы мен отбасылық некелік катынасарында елеулі өзгерістер болды. Қола дәуіріндеті экономиканың басты-басты екі бағыты болып табылатын мал шаруашылығы мен металлургияның тез дамуы өндіргіш күштердің өсуіне, қоғамдык еңбек мамандануының күшеюіне, қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістерге жеткізді. Жеке отбасылар оқшауланды, отбасылық меншік кеңейді, рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігі өсті.
Қола дәуірінде Азияда бұрын қалыптасқан қала мәдениеті (Месопотамия, Элам, Мысыр, Сирия) одан әрі дами түсті және жаңа мәдениеттер (Үндістанда – Хараппа, Қытайда – Инь) қалыптасты. Мұндай жағдай Еуропада да байқалды. Қала жұрттары, сарайлар, жергілікті жазу, т.б. деректер Еуропадағы өзіндік мәдени орталық еді. Бұл дәуірде кен қорына бай Кавказдың маңызы зор болды. Ол Шығыс Еуропаның далалық аудандарын мыс бұйымдарымен жабдықтайтын Еуразиядағы ең ірі металлургия орталықтарының біріне айналды.
Қазақ жерін сол тұста мекендеген тайпалардың осы кезеңдегі мәдениеттері қола дәуірі ескерткіштері алғаш ашылған жерлердің атымен – Андрон мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталады. Қазақстандық археологтардан қола дәуірі бойынша Орталық Қазақстанды Ә.Марғұлан мен К.Ақышев, Солтүстік Қазақстанды А.Оразбаев, Шығыс Қазақстанды С.С. Черников пен А.Г. Максимова зерттеп, әр аймақтардағы өзгешеліктерді ашып көрсетті. Қола дәуірін кезеңге бөлуде зерттеушілер арасында әр алуан пікірлер бар. Қазақ жеріндегі қола дәуірі мәдениеттерінің басталуы мен дамуын Ә.Марғұлан негізгі үш кезеңге бөледі. Алғашқы кезеңі – ортаңғы; өркендеп дамыған кезеңі – Нұра және Атасу сатылары; соңғы кезеңі – өтпелі сәт пен Беғазы-Дәндібай мәдениетінен тұрады. Қола дәуірндегі экономиканың басты екі бағыты болып табылатын мал шаруашылығы мен металлургияның тез дамуы өндіргіш күштердің өсуіне, белгілі бір еңбек саласына маманданудың күшеюіне, қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістерге жеткізді.
Көптеген көне кен орындарынан мыс (Жезқазған, Зырянов, Қаршыға, Жалтыр, Ащылы, Ұратөбе, Күшікбай), қалайы (Атасу тауы, Қалба мен Нарын жоталары), алтын (Степняк, Қазаншұңқыр, Балажал, Ақжал, Дайбай, Майқапшағай, Ақабек) кентастары алынды (қола Ежелгі кен қазбалары). Тас және балшық құйма қалыптарда шаруашылыққа және тұрмысқа қажетті құралдар (орақ, балта, қанжар, пышақ, найза мен жебе ұштары, т.б.) құйылды. Сәндік заттар (ілгек, тізбек, білезік, моншақ, өңіржиек, сырға, т.б.) жасалды. Қазақстан аумағын қола дәуірінде мекендеген тайпалардың әр түрлі материалдан (металл, тас, сүйек, қабыршақ) алуан түрлі заттар (еңбек құралдары, қару-жарақ, сәндік заттар, тұрмыстық бұйымдар) жасауда жоғары шеберлікке жеткені аңғарылады. Олар соғу, құю, қақтау, қысып өрнектеу, тегістеп жылтырату техникасын жақсы меңгерді, қатты материалдан жасалған заттарға өрнек сала білді. Қоныстарын өзендердің жайпақ жағасына, кең жайылмаға, мүйіске, кейде көл маңына салды. Қоныстар 6–10 үйден, үлкендері 20 үйден құралды. Тұрғын үйлері жартылай жертөлелер мен жер бетіндегі үйлер болып бөлінеді. Жартылай жертөлелер дәліз сияқты шығар аузы бар тік бұрышты, сопақ және сегіздік тәрізді салынды. Қабырғаларды бойлай тік бағандар орнатылды, арасына ағаштар немесе шарбақтар қойылып, балшықпен сыланған. Тұрғын үйлер аумағы 100 шаршы метрден 300–400 шаршы метрге дейін жетті. Орталық және Батыс Қазақстанда ағаш аз болғандықтан, тұрғын үй қабырғаларына тас көп қолданылды. Жер үстіндегі үйлердің қабырғалары бөренелерден жасалды. Қоныстарға жақын жерде рулық зираттар болды. Қабірлердің үсті айнала жалпағынан салынған немесе қырынан қойылған және қазылып орнатылған тақта тастардан тік бұрышталып, шаршыланып, дөңгелектеніп қоршалды, кейде обалар да етегінен тақта тастармен айнала көмкерілді.
Кейбір ескерткіштер көрнекілігімен, құрылыстарының күрделілігімен ерекшелінеді. Мыстытас, Беғазы ескерткішін тұрғызу үшін салмағы 3 тоннаға жететін алып мәрмәр тастар қолданылған. Батыс Қазақстандағы Тастыбұтақ 1 (Федоров кезеңі) қорымында мәйіттер қабірге немесе жалпақ тастан жасалған жәшіктерге салынып жерленген. Кей жағдайларда мәйітті өртеу рәсімі де кездеседі. Орталық Қазақстанның Нұра кезеңіне жататын жерлеу рәсімі, негізінен, мүрдені өртеп тас жәшіктерге немесе табытқа салу болды. Атасу кезеңінде мәйіттер бүктетіліп, көбінесе сол қырынан жатқызылды, қолдары қусырылды, басы батысқа қаратылып, кейде аздап солтүстіккеке не оңтүстікке бейімделіп жатқызылды. Нұра кезеңінен келе жатқан қазулы шұңқырмен және цисталармен қатар, тік бұрыш тас жәшіктер тарады. Жәшіктер шомбал, жалпақ төрт тақта тастан құралып, қабір шұңқырының төрт жағынан қойылды. Керамика ыдыстарын жасаумен, негізінен, әйелдер шұғылданды. Ыдыстар қолмен жапсырылып жасалды. Қола дәуірінің алдыңғы кезеңінде бүйірі тік немесе біраз шығыңқы, мойны ішке қайырылған, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Ортаңғы қола дәуіріне тән құмыралардың түбі жайпақ келеді, иіні дөңгелектеніп немесе иініне мойны мен бүйірін бөліп тұратындай ойық жасалады. Соңғы қола дәуірін иіні дөңгелек, бүйірі аздап шығыңқы құмыралар сипаттайды. Ернеуіне қиғаш және айқыш-ұйқыш кертпелері бар балшық таспа жапсырылады. Оларға әрбір кезеңнің өзіне тән геометриялық өрнектер (жарты, үш бұрыш, меандр, ирек сызық, қисық ойық, т.б.) түсірілді.
Қола дәуірінде әлеуметтік және әскери-саяси құрылымдарда рулық-тайпалық бөлімшелер пайда болды. Материалдық игіліктерді өндіруде ерлер рөлі күшейді. Туыстық әке жағынан есептеле бастады. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде ру ыдырап, одан жеке отбасы шаруашылықтары бөлініп шықты, айырбас кең өріс алды. Қола дәуірі тайпалары тұрмысы мен әл-ауқаты табиғатқа тәуелді болғандықтан, адам табиғат күшін құдірет деп білді. Олардың отқа табынғандығын мәйітті өртеу ғұрпы, қабірге күл мен көмір қалдықтары салынғаны дәлелдейді. Тайпалар арасында ата-бабаға сыйыну, о дүниеге сену кеңінен тарады. Құрбандық күнге, отқа, айға, жұлдыздарға арнап шалынды. Қола дәуіріндегі Қазақстан тайпалары негізінде ертедегі көшпелілердің мәдениеті қалыптасты. [2]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.